Басты жаңалықтарЖеңіс

«Біз туралы айтыңдар!..»

Екінші дүниежүзілік соғысы кезінде қазақ жерінен әскерге шақырылғандардың үштен бір бөлігі елімізде жасақталған бөлімшелерге жіберілген. Біздің жауынгерлердің дені 12 атқыштар дивизиясы, 4 атты әскери ди­визиясы, 7 атқыштар бригадасының құрамында соғысқа қатысқан. Солардың бірі — 1941 жылы Ақтөбеде құрылған 101-ұлттық атқыштар бригадасы. Бригада Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облысының тұрғындарынан жасақталды, оның құрамында бес мыңнан астам адам болған.

 101-атқыштар бригадасы құрамында болған ардагер Кәкен Әбенов «Операция «Марс». Казахи в долине смерти» атты кітабында мынадай деректер келтіреді:

«101-ұлттық атқыштар бригадасындағы жауынгерлердің 80,3 пайызы — қазақ, 10 пайызы — орыс, 3,4 пайызы — украин, 1,8 пайызы өзбек және 4,1 пайызы өзге ұлт өкілдері болған. Бригада командирі ретінде полковник Севостьян Яковленко, ал комиссар болып Нури Әлиев сайланған.

101-ұлттық атқыштар бригадасы 1942 жылдың 20 қарашасында 39-армия құрамында Калинин майданына алғаш рет ұрысқа кірісті. Қазақстанда құрылған 100 және 101- атқыштар бригадалары тарихта көпке дейін жасырылып, айтылмай келген «Марс» операциясына қатысып (Калинин және Батыс майданы), фашистік Германияның Мәскеуді алуға бағытталған екінші стратегиялық жоспарының жолын кесті», — деп жазады автор.

1941 жылдың 14 қазанында Ржев қаласы фашистердің басқыншылығына ұшырап, Ржев пен Ржев-Вяземск плацдармындағы қанды қырғын он бес ай бойы үздіксіз жалғасады. Ржевті 150 шақырым ғана қашықтықтағы Мәскеуге кіретін стратегиялық тиімді плацдарм ретінде көрген фашистер барынша қаланы алуға тырысты. Кеңес жауынгерлері қаланы жау басқыншылығынан босату үшін төрт әскери операция жүргізді, нәтижесінде Ржевпен қоса, Калинин, Смоленск облыстарының бірнеше қаласы жау тылынан босатылды.

Бұл маңдағы соғыста екі жақтан да адам өлімі көп болды. Ресми мәліметтер бойынша Ржев шайқасында 1 миллион 350 адам көз жұмған. Сондықтан болар тарихта бұл шайқас «Ржев қанды қасабы» деген атпен қалды…

Тек Ржев түбіндегі ғана емес, жалпы 1941-1945 жылдары болған екінші дүниежүзілік соғыстың өзі «қанды қасап» болғанын сандар айтады: осы 1418 күн мен түнге созылған соғыста 28 миллион адам жер құшты. Ал кейбір зерттеушілердің дерегінше, бұл соғыста 40 миллионнан астам адам өлген деседі…

Қазақстандық ақын, соғыс ардагері Леонид Скалковский өзінің «Солдатский наказ» өлеңінде:

«На войне перед боем

Я слышал не раз:

«Кто останется жить,

Расскажите о нас!» — дейді.

Бүгінде қаруластары туралы айтатын көзі тірі жауынгерлердің өзі санаулы. Олардың соңы тоқсаннан асты. Бұдан былай ардагерлердің естеліктері тек мұрағаттар мен музейлерде, бәлкім ұрпақтарының қолында жүрген құнды құжаттарда ғана сақталатын шығар…

 Соңғы жауынгер

Ақтөбеде 101-ұлттық атқыштар бригадасының құрамында болған көзі тірі жалғыз ардагер бар. Ол — биыл 1 қаңтарда 100 жасқа келген Сатылған Бекмағамбетов ата.

«Ржев қанды қасабынан» — ажал аранынан аман қалған ата бүгінде Ақтөбенің Жаңақоныс ауылында тұрады. Жауынгердің ұлымен сөйлескенімізде атаның «көп сөйлесе шаршап қалатынын, құлағы нашар еститінін» айтқан-ды. Сондықтан көп мазалағымыз келмеді.

— Атқыштар бригадасының жеке құрамы Ақтөбе қаласының ескі бөлігіндегі қазіргі Нағым Қобыландин атындағы көшенің екінші үйінде орналасты. Қазір бұл ғимартта Мақсот Құсайынов атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты орналасқан. Кезінде осы мектептің директоры болған Мақсот Құсайынов ардагерлердің бірінің ауызынан: «Осы мектеп орналасқан ғимараттан соғысқа аттанып едік», — деген сөзін естіп, барлық мұғалімге жазғы каникул кезінде 101-атқыштар бригадасы туралы мәліметтер жинап келуді тапсырады. Жаңа оқу жылы басталғанда мектеп мұғалімі, қазіргі кезде ардагер ұстаз Бақтылы Кенжебаева Алматыға арнайы барып, көзі тірі ардагерлермен сөйлесіп, құжат, фотодеректер алып келеді. 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына орай 101-атқыштар бригадасының ардагері Мұқаш Кенбаевтың ұйытқы болуымен мектепте музей ашылады. Қазір осы музейде ардагерлердің хаттары, суреттері, естеліктері, тарихи құжаттардың мол қоры бар, — дейді қосымша білім беру педагогі Базаргүл Сейтенова.

Ғасыр жасаған Сатылған Бекмағамбетов ата туралы деректерді де осы музейден таптық. 1921 жылдың 1 қаңтарында Қобда ауданында өмірге келген ардагер 1941 жылдың 9 желтоқсанында аудандық әскери комиссариат арқылы әскер қатарына шақырылып, соғысқа аттанып, 1946 жылы елге оралған. Өзінің ілкіде телеарнаға берген сұхбатында бес жолдасымен бірге Қобдадан Ақтөбеге ат шанамен келгенін айтады. Облыс орталығында құрылып жатқан бригада туралы естіп, соғысқа өзі сұранған екен. Ол 1943 жылы 101-атқыштар бригадасымен Ржев шайқасына қатысқан, Смоленскіге дейін жеткен. Кейін бұл бригада таратылған соң 881-гвардиялық бригаданың, одан соң 740-гвардия полкінің құрамында қызмет еткен.

Осыдан 4 жыл бұрын біздің газетке берген сұхбатында Ржевтің Оленин ауданында болған қанқұйлы шайқас туралы былай еске алған:

Орманды жер, борап тұрған оқтан қалай аман қалғанымды да білмеймін. Осы жердегі ұрыстарда көп қазақ қырылды. Биіктікті аламыз деп, жан беріп, жан алдық. Мұз құрсап, қар жамылған тауды ала алмай, талай боздақ шейіт болды…дейді.

Ржев түбіндегі шайқаста алғашқы үш күннің ішінде 101-атқыштар бригадасының 80 пайызы жер жастанған. Сол қанды қырғында снаряд тасушы болғанын телеарнаға берген сұхбатында Сатылған ата былай еске алады:

— Мені қол шанаменен снарядқа жіберді. Снарядты алып келе жатқанымда алдымнан бір офицер шығып: «Таста, арғы жақтағылардың барлығын бомба тастап жоқ қылып жіберді»  деді. Сөйтіп тығылғанша болмады, бомба тастап, жарақат алып қалдым, — дейді ол.

Сатылған ата бүгінде балаларының, немерелерінің ортасында ғұмыр кешіп жатыр.

«Соғыста жүріп, жарақаттанып, дала госпиталінде жатып емделдім. Жеңіс күнін Кенигсбергте қарсы алдық. 101-атқыштар бригадасы құрылған ғимарат тұрған көшеге барсам, ауырамын, сол көше маған қатты ыстық», — депті ақсақал 89 жасында жазған естелігінде. Бұл құжат музейде сақтаулы…

Әке хатын іздеген…

Редакцияға хабарласқан тағы бір оқырманымыз Сайлыбай Қарабалаұлы әкесі, 101- ұлттық атқыштар бригадасының құрамында болған Қарабала Төлегенұлы туралы айтты. 1921 жылы Темір ауданының Бабатай ауылында туған Қарабала Төлегенұлы ашаршылық кезінде әке-шешесінен айырылып, алдымен Ойыл балалар үйінде, кейін Ленинград қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. 1941 жылы Ленинград майданына соғысқа аттанады.

— Кейін 101-ұлттық атқыштар бригадасының зеңбірек нысанашысы болған. Әкеміз 1946 жылдың аяғына дейін соғыста болған. Ерлігі үшін үш орден, бірнеше медальдармен марапатталған. Бас қолбасшы Сталиннен, Ленинград майданы басшысы генерал-лейтенант Говоревтен бірнеше рет Алғыс хат алған.  1939 жылы комсомол, 1944 соғыста партия қатарына алынған. Соғыс аяқталғанда елдегі туыстары әкеміздің өлі-тірісінен хабар ала алмайды. Ал әкеміз 1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін тағы бір жыл қалып, білікті артиллеристер даярлауға үлесін қосады. Тек 1946 жылдың аяғында ғана елге аман-сау оралады, — дейді Сайлыбай Төлегенов.

1947 жылы Қарабала Төлегенұлы елге келіп, отбасын құрып, зайыбы Айжан екеуі он балалы болады. Сол елге келген жылы Шұбарқұдық теміржол милициясына қатардағы милиционер болып қызметке орналасып, осы саланың қыр-сырын білетін кәсіби маманға айналады. Ұзақ жылғы табысты еңбегінің нәтижесінде Ішкі істер органында іскерлік, батылдық танытқаны үшін Алғыс хаттармен, медальдармен, «Үздік милиция» белгісімен марапатталады. Сонымен бірге ердің аты ұмытылмауы үшін Темір ауданы Шұбарқұдық теміржол желілік ішкі істер бөлімшесінің ғимараты алдына Қарабала Төлегенұлына арналған мемориалдық тақта қойылды. Сайлыбай Қарабалаұлы қазіргі кезде Шұбарқұдық кентіндегі бір көшені Қарабала Төлегенұлының есімімен атау мәселелері реттеліп жатқанын айтады.

— 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығы тұсында Ақтөбеде қазіргі Жансен Кереев көшесінде 312-атқыштар дивизиясы мен 101-ұлттық атқыштар бригадасының құрметіне «Зеңбірек» ескерткіші орнатылған болатын. Осы мереке қарсаңында әкем КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы жарлығымен І дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды. Осы ескерткіштің ашылуына мен де бардым. Ол кезде жас баламын. Әкем Жансен Кереевпен, атақты тарышы Шығанақ Берсиевпен туыс. Соғыс жылдарында гектарынан 200 центнерден астам өнім алып, рекорд жасаған Шығанақ Берсиев 1941-1945 жылдары әскери ұшақ жасау үшін тары өткізіп, Мемлекеттік қорғаныс қорына қаржы аударғаны белгілі.  Әкем соғыста жүріп осы жаңалықтарды естіп, Шығанақ Берсиевке хат жазған. Хаттың сыртында Ресей гербі басылған. Сол хат Шығанақ Берсиевтің қолына түскен, кейін әкемнің қолына қайта түскен. Әкем зеңбіректің ескерткіші қасында өткен бір шарада, кім екені есімде жоқ, біреуге тапсырды. Сол хатты іздеп бірнеше музей, мұрағаттарды шарладым. Таба алмадым. Бәлкім, газет арқылы табуға мүмкіндік болар, — дейді Сайлыбай Қарабалаұлы.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button